Теңіз регрессиясы жағдайында солтүстік Арал маңы аймағындағы заманауи бедердің қалыптасуы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JGEM.2023.v68.i1.01Кілттік сөздер:
Солтүстік Аралмаңы, климаттың аридтелуі, бедер қалыптастырушы үдерістер, теңіз регрессиясы.Аннотация
Зерттеудің мақсаты теңіз регрессиясы жағдайында Солтүстік Аралмаңының замануи жер бедерін қалыптастырушы үдерістердің басым типтерін және аридтік климаттың ықпалын анықтау болып табылады.
Зерттеудің әдістемесі далалық зерттеу жұмыстарын, ЖҚЗ деректерін интерпретациялау, аэрофотосуреттерді сандық фотограмметриялық талдау және деректерді ГАЖ-де өңдеу жұмыстарын біріктіреді. Ұшқышсыз ұшатын аппарат, тахеометр, қашықтық өлшегіш және GPS құралдарын пайдалану арқылы аспаптық геоморфологиялық далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу нәтижесінде Солтүстік Аралмаңының зерттелген үлескісінің қазіргі жер жамылғысының картасы жасалды. Жамылғының 13 типі бөлінді: бос жерлер (пайдаланылмайтын жерлер), елді мекен жерлері, егістіктер, сулы-батпақты жерлер, шөптер, өсімдіктер сирек өскен далалар, су айдындары, Арал теңізінің құрғаған түбі, бекіген құмдар, жылжымалы құмдар, сорлар мен тақырлар. Делювийлік-пролювийлік ысырындыларда, денудациялық кертпештің беткейлерінде өсімдік жамылғысының болмауы гравитациялық үдерістердің және жел эрозиясының қарқындылығын айғақтайды. Солтүстік Аралмаңында жылжымалы құмдардың жағымсыз ықпалына ұшыраған елді мекендер анықталды, олар Қосаман, Ақеспе, Ақбасты, Бөген және басқа да ауылдар. Ақеспе және Ақбасты ауылдарында жергілікті халықтың тұрғын үйлері мен шаруашылық үй-жайларын жылжымалы құмдар басып жатыр. Шағылдың негізі мен қырқасының арасындағы салыстырмалы биіктік орташа 2 м-ді құрайды. Жылжымалы құмдардың даму ауданы Ақеспе ауылында 1,68 км2, Ақбасты ауылынды шамамен 1,62 км2. Зерттеу аумағындағы жайылымға шартты мал басы жүктемесінің коэффициенті есептелді, жоғары коэффициент Ақбасты ауылында байқалады.
Аймақта жүріп жатқан жер бедерін қалыптастырушы үдерістердің сипаты теңіз регрессиясының нәтижесінде аридтік климаттың және антропогендік ықпалдың артуын айқандайды. Әлбетте, елді мекендер маңындағы осал шөл экожүйелерін, жер ресурстарын ұтымсыз пайдалану нәтижесінде қалыптасқан, жергілікті халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасына ықпал ететін экологиялық-геоморфологиялық мәселелер алдыңғы орынға шығады. Алынған нәтижелерді есепке ала отырып, қарқынды климаттың аридтену үдерісі мен оның салдарына қоршаған ортаны және халықтың тіршілік әрекетін бейімдеу жағдайында табиғатты ұтымды пайдалану шараларын әзірлеу және ендіру жұмыстары өзекті болып отыр.