Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы cуармалы жерлердің су-тұз режимін реттеу

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/JGEM.2021.v63.i4.07
        139 12

Кілттік сөздер:

тұздану, тәжірибе танабы, суармалы жерлер, шектер, жуып-шаю, су-тұз режимі, қашыртқы

Аннотация

Жалпы Сырдария өзені суының минерализациясы, өзеннің төменгі ағысында орналасқан суармалы алқаптардың топырақ-мелиоративтік құрылымының қазіргі жағдайы өте нашар деңгейде. Топырақтың тұздану мөлшері, одан қалды қашыртқы сулармен шыққан судың тұздану мөлшері өте жоғары. Мысалы, Төменарық гидробекеті тұсында өзен суының минерализациясының орташа жылдық көрсеткіші 2,0-2,5 г/л, Қазалы гидробекеті тұсында 3,0-3,5 г/л жетіп отыр. Ал топырақтардың тұздану процестері іс жүзінде облыстың барлық аумағы бойынша орын алған. Мысалы соңғы дерек бойынша Қызылорда облысының аумағында тұзданған суғармалы жерлердің ауданы 225 940 га шамасында, олардың ішінде әлсіз тұзданғаны – 87 574 га, орташа тұзданғаны –73 302 га және қатты және өте қатты тұзданған жерлер – 65 064 га. Қызылорда облысы негізінен күріш (сондай-ақ, жоңышқа, сүрлемдік жүгері, күнбағыс, бақша өсімдіктері т.б) өсіруге машықтанған. Осыны ескеріп, күріш егісі қалыптасқан жерлерде қашыртқы –дренаж жүйелерінің нашар жұмыс істеуінен екінші реттік тұздану жүретіндігі байқалды.  Сайып келгенде, мұның барлығы дақылдың өнімділігіне кері әсер ететіндігі белгілі. Сондықтан тиісті шараларды қолданып, берілген мүмкіндіктерді пайдаланып қана суарғанда өнімнен жақсы нәтиже шығатыны айтпаса да түсінікті.

Осы аталған мәселені оңтайландыру бойынша, мақалада Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы, Қызылорда облысы аумағындағы суармалы алқаптардың қазіргі жағдайы, олардың су-тұз режимін реттеу жұмыстарының нәтижесі берілген. Осы мақсатта Жаңақорған-Шиелі суармалы массивіне қарайтын Бидайкөл ауылшаруашылық жерінің 71,15 га жеріне тәжірибе жүргізілген болатын. Онда суармалы сумен топыраққа түсетін тұздардың мөлшері және қашыртқы суларымен топырақтан тұздардың бөлінуін талдау, топырақтың экологиялық-мелиоративтік жағдайын жақсарту шаралары қарастырылған. Топырақтың су-тұз режимдерін жақсарту үшін аумақта жүргізілген зерттеу жұмыстарының оң нәтижелері келтірілген.

Осы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарап отырып егістікке берілетін суды арнайы дайындалған тығыз қамыс өсімдігі егілген биотанап арқылы беру оңтайлы болды. Биотанаптан тазаланып шыққан суармалы суды малазықтық дақылдарды суаруға пайдалану тиімді екендігі дәлелденді. Сонымен қатар қамыс өсімдігінің өзі малазықтық дақыл ретінде республикада кең таралған. Тамыз айында орылатын жас қамысты (ол кезде қамыс үпелектемей, діңгегі жұмсақ, жапырағы жасыл күйде болады) арнайы технологияның көмегімен майдалап турап, пресспен сақтайды. Қыстық мал азығын дайындаудың маңыздылығының жыл сайын артуына байланысты қамыстың бағасы да республиканың оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерінде едәуір қымбаттаған. Мысалы, биылғы жылы 1 пресс қамыстың бағасы 650-850 тг бағасында құбылып отырды. Бұған қоса биыл көктемде батыс өңірлердегі (Ақтау, Маңғыстау өңірлері) жеп-шөп тапшылығын айтуға болады. Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, егістікке суды биотанап арқылы беру технологиясының тиімді екендігіне көз жеткізуге болады.

Жүктелулер

Жарияланды

2021-12-29

Как цитировать

Ануарбеков, К., Әбдібай , А., Алдиярова, А., & Меңдібаева, Г. (2021). Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы cуармалы жерлердің су-тұз режимін реттеу. ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы, 63(4), 72–82. https://doi.org/10.26577/JGEM.2021.v63.i4.07

Шығарылым

Бөлім

Геоэкология