ЖЕР БЕДЕРІНІҢ ГЕОМОРФОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ КҮРДЕЛІЛІГІН БАҒАЛАУ ӘДІСТЕМЕСІ
Аннотация
Мақалада жер бедерінің геоморфологиялық құрылымын зерттеудегі морфометриялық
әдістің даму тенденциясы көрсетілді. Үлескілердегі жер бедерінің құрылым заңдылықтары мен
геоморфологиялық күрделілікті бағалаудағы түрлі морфометриялық тәсілдердің ерекшеліктері
мен мазмұны баяндалды. Ұсынылып отырған жер беті бедерінің геоморфологиялық құрылуының
күрделілігін бағалау әдістемесі бедер геометриясының құрылу параметрлері мен негізгі бағалау
механизмдері арқылы түрленген, аналитикалық модель ретінде көрініс беретін, күрделі де кешенді
сипаттаманы қамтиды. Жергілікті жер бедерінің морфометриялық нышандарының тілімденуінің
ауытқу сипаттамаларын бағалау әдісінің әдістемелік негізіне георесурстардың бірінші және
екінші түрлі көрсеткіш мәндерінің кеңістіктік-статистикалық және ақпараттық модальдық
шамаларын қолдану концепциясы салынған. Белгілі болғандай, нышан ауытқуының бірінші
немесе екінші түрлі сипаттамасы кең таралған және орташа квадраттық ауытқуымен кеңістіктік-
статистикалық ауытқуды көрсететін негізгі бағалау сипаттамасы болып отыр. Аталмыш жұмыста
ұсынылып отырған геоморфологиялық күрделілікті кешенді сипаттаудың бастапқы параметрлері
белгіленді: бедер биіктігінің модальды мәнінің шашырауының дисперсиялық өлшемі, белгіленген
бедер биіктігінің бірлігіне келетін орташа ауданы және зерттелетін жер үлескісінің жалпы ауданы.
Біз ұсынып отырған үлескідегі жер бедері құрылуының күрделілігін геоморфологиялық бағалау
әдістемесі зерттелетін жер үлескісі бедерінің күрделілігін құрастырылған кешенді сипаттау
моделін қолдану арқылы анықтау және бағалау болып табылады.