ГИДРОТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСТАРДЫҢ ДЕФОРМАЦИЯЛАРЫН БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕЛЕРІНДЕГІ GNSS СПУТНИКТІК ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JGEM80120268Кілттік сөздер:
гидротехникалық құрылыстар, геодезиялық мониторинг, GNSS, трилатерация, деформациялар, бақылаудың автоматтандырылған жүйелері, Өскемен ГЭСАннотация
Мақалада гидротехникалық құрылыстардың деформацияларын геодезиялық мониторингтеу дәлдігін арттыру мәселелері спутниктік GNSS технологияларын және дәстүрлі сызықтық-бұрыштық өлшеулерді кешенді қолдану негізінде қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі күрделі жер бедері, радиогоризонттың шектелуі және маусымдық температуралық ауытқулар жағдайында I және II жауапкершілік класына жататын бірегей гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету қажеттілігімен анықталады. Зерттеу нысаны ретінде Батыс Алтайдың тауалды аймағындағы күрделі орографиялық жағдайда орналасқан Өскемен гидроэлектр станциясы таңдалды.
Зерттеу барысында мемлекеттік геодезиялық желі пункттерін, створлық тірек пункттерін және спутниктік сигналдарды қабылдауға қолайлы жағдайларды ескере отырып орналастырылған қосымша бақылау пункттерін қамтитын жоспарлық тірек геодезиялық желі құрылды. Далалық өлшеулер екі жиілікті геодезиялық GNSS қабылдағыштарын қолдана отырып, синхронды бақылаулардың статикалық режимінде жүргізілді. Алынған деректер дифференциалдық әдіспен өңделіп, ең кіші квадраттар әдісі арқылы желі теңестірілді. Нәтижелерді нақтылау мақсатында сызықтық-бұрыштық өлшеулер және желінің геометриялық құрылымын талдау қосымша қолданылды.
Зерттеу нәтижелері базалық сызықтардың ұзындықтарын анықтаудың орташа квадраттық қателіктері 0,8–1,1 мм аралығында екенін көрсетті, ал бұрыштық бақылаулар құрамын оңтайландырғаннан кейін координаталарды анықтау дәлдігі 0,6–0,7 мм деңгейіне дейін артты. Эксперименттік түрде қолайлы жағдайларда 30 минуттық GNSS бақылау сеанстары 5 сағаттық өлшеулермен салыстырмалы дәлдік беретіндігі дәлелденді. Сонымен қатар спутниктік қабылдағыштарды жоғары дәлдікті электрондық тахеометрлермен бірге қолдану GNSS әдістерінің шектеулерін өтеуге және деформациялық бақылаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні көрсетілді. Ұсынылған әдістеме бірегей гидротехникалық құрылыстарды мониторингтеу жүйелерін жобалау кезінде қолдануға және олардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге ұсынылады.
