Тарихи карталар және геосаясат: байырғы мәдениет, мемлекеттік мүдде және шекаралық шиленістер тұрғысында
DOI:
https://doi.org/10.26577/JGEM.2024.v73.i2-04Кілттік сөздер:
тарихи карталар, геосаясат, ежелгі мәдениет ошақтары, Каспийдің байырғы атаулары, Cassakia, мемлекеттік мүдде.Аннотация
Мақалада географиялық карталардың ғылыми анықтамасы, қызметі және пайда болу тарихы мен адамзаттың даму тарихындағы маңызы қарастырылған. Сондай-ақ жер бетіндегі қазіргі кезде табылған ең көне карталар және олардың табылған қалалары мен мемлекеттері туралы мәліметтер берілген. Ежелгі Мысыр, Месопотамиядағы Чаталхойук картасы және ол туралы соңғы ғылыми ізденістер мен Вавилондық әлем картасы, сондай-ақ, оның нысандарының мән-мағынасына сипаттама берілген. Сол арқылы ежелгі Таяу Шығыс тарихына шолу жасалған. Ежелгі Грек философтарының картография тарихындағы еңбектеріне шолу жасалып, Анаксимандр, Эратосфен, Страбонның және Птолемей және Ескі Рим карталарына салыстырмалы түрде талдау жасалынған.
Мақала авторлары ислам өркениетімен бірге келген картографиялық дамудың үлгілері саналатын Халифа әл-Мамун кезеңінің картасы мен әл-Идрисидің «Жер бейнесі» картасының маңыздылығын баяндаумен бірге, Каспий теңізінің көптеген тарихи атауларына да тоқталады. Біздің тарихи мемлекеттігімізге байланысты орны бөлек - Авраам Ортелиус картасын жан-жақты қарастырып, ондағы түмендер, қазақтар, ноғайлар және мұсылман түріктерінің тұрмыс салты мен шаруашылығына және мәдениетіне қатысты қысқаша сипаттамаларының да қазақша аудармасын көрсетеді. Әсіресе картада сол кездегі түркі халықтары мекендеген «Тартария» деп аталатын аймақтың ішінде «Cassakia» деген ел атауының жазылуы Қазақстанның үздіксіз мемлекеттілігінің тарихи әрі ғылыми дәлелі ретінде баса көңіл бөлінген. Тарихи карталардың қазіргі геосаясатқа әсерін Израиль мен Палестина мысалында көрсетеді.