Өзгермелі климат жағдайында Қазақстан өзендері ағындысын қалыптастырушы табиғи және антропогендік факторлар
DOI:
https://doi.org/10.26577/JGEM.2023.v69.i2.09Аннотация
Қазақстанның жазықтық өзендері ағындысының соңғы жылдардағы өзгерісі климаттық және антропогендік факторлармен айқындалады. Қазіргі және болашақта байқалуы мүмкін гидрологиялық өзгерістердің себебін түсіну және осы өзгерістердің әсерінен туындайтын қолайсыз зардаптарды жеңілдету бойынша шаралар қабылдау үшін олардың рөлін айқындау өте маңызды. Өзен ағындысының климаттық және антропогендік өзгерісі өзара тығыз байланысты болғандықтан және көп жағдайда өзен ағындысына тікелей емес жанама әсер ететіндіктен қойылған міндеттерді шешу өте күрделі. Су нысандарының гидрологиялық режимінің өзгерісі ағындығы әсер ететін антропогендік факторлардың қарқындылығы және климаттық сипаттамалардың құбылмалылығымен айқындалады. Климаттың өзгергіштігі қолайсыз гидрометеорологиялық құбылыстардың қайталану жиілігін арттырады, ал су жинау алаптары мен өзен арналарында жүргізілетін адамның шаруашылық іс-әрекеті өзендердің негізгі гидрологиялық сипаттамаларының сандық және сапалық өзгерісіне, өзен экожүйесінің бұзылуына алып келеді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі өзендерден алынатын су көлемінің артуына, суды тұтыну көлемінің ұлғаюына және климаттың қолайсыз өзгерістеріне байланысты су ресурстары жетісмпеушілігімен анықталады. Жазықтық өзендердің жылдық ағындысының өзгерісі соңғы онжылдықтар ішінде айтарлықтай антропогендік өзгеріске ұшыраған табиғи ағындыны қалпына келтіру әдісі арқылы бағаланады. Бұл мақсатта су режимі салыстырмалы аз өзгеріске ұшыраған өзендердің (қарастырылып отырған өзендердің салалары мен жоғарғы ағысы) ағындысы жөніндегі деректер пайдаланылды. Қалпына келтірілген ағынды деректері осы кезең аралығында антропогендік өзгеріске ұшыраған ағынды деректерімен және оған дейіңгі антропогендік әсерді ескермеуге болатын негізгі кезең ағындысымен салыстырылды. Климаттық және антропогендік факторлар өзен ағындысын бір бағытта ұлғайтатыны немесе азайтатыны, сондай-ақ қарама-қарсы бағытта әсер ететіні көрсетілген. Оның үстіне антропогендік факторлардың негізінен бөгендер мен су тұтынудың ағындыға тигізетін ықпалы климаттық факторлардың ықпалымен шамалас және көп жағдайда одан асып түседі.