Сырдария өзенінің төменгі ағысының төгінді және қашыртқы-кәріз суларының әсерінен ластануының әлеуметтік-экологиялық зардабын бағалау
DOI:
https://doi.org/10.26577/JGEM.2022.v65.i2.09Аннотация
Арал теңізі бассейнінде суармалы шаруашылықтың қарқынды дамуы өзендегі судың сапасына күрт әсер еткен екі негізгі салдарға алып келді, яғни, тұщы су қорының азаюы мен қашыртқы-кәріз суларымен бірге ластаушы заттардың артуы, оның ішінде негізгілері әртүрлі улы тұздар болып табылады. Нәтижесінде әртүрлі агрохимикаттардың қалдықтарымен ластанған суармалы жерлерден шыққан қашыртқы-кәріз сулары өзен суымен араласып, өзендегі қалған су ресурстарының сапасын нашарлатып отыр. Сонымен қатар тұздар мен агрохимиялық қалдықтармен ластанған ауыл шаруашылығы саласынан бөлек, ірі облыстардан шыққан өнеркәсіптік және коммуналдық саланың зиянды заттарының әсерінен болып жатқан ластануларды да айта кеткен жөн.
Қазақстан аумағындағы Сырдария өзенінің суының сапасы Өзбекстан территориясынан келіп түсетін ластаушы заттардың әсерінен қалыптасады. Көкбұлақ ауылы (шекара бекеті) маңындағы учаскеде өзен суына орташа жылдық көрсеткішпен 4 ШРК (шекті рауалы концентрация) тең нитриттер мен фенолмен ластанған сулар тасталады, сондай-ақ ондағы темір және мұнай өнімдері 1 ШРК дейін жетеді. Талдау үлгілерінің көпшілігінде нитриттердің мөлшері нормадан асып түседі, алайда бұл көрсеткіш бойынша ластанудың жоғары деңгейі, әдетте, байқалмайды. Вегетациялық кезеңде пестицидтермен айтарлықтай ластану байқалады. Шардара су қоймасының төменгі бөлігінде судағы пестицидтердің мөлшері айтарлықтай төмендейді, ал басқа ластаушы заттардың концентрациясы жоғары деңгейде қалып отыр. Өзеннің төменгі ағысында пестицидтермен ластану деңгейі жоғарылайды да қазіргі (Қазалы) атырауы аймағында ең жоғарғы көрсеткішке жетеді. Өзеннің осы бөлігінде басқа ластаушы заттардың ішінде мұнай өнімдерінің, нитритті азот пен органикалық заттардың концентрациясының артуы жүйелі түрде байқалады.
Қазақстанның суармалы аймағындағы табиғи-экологиялық жағдайға суармалы егіншіліктің әсері Орталық Азия мен Қазақстандағы егіншілікті дамыту Концепциясымен айқындалған. Қазақстанның суармалы аймақтарында қалыптасқан экологиялық жағдайды тұрақтандыру, экологиялық-мелиоративтік жағдайды қалыпқа келтіру мәселесі Қырғызстан мен Өзбекстанның әртүрлі су шаруашылығы аймақтарымен тікелей байланысты.
Мақалада Сырдария өзенінің ластануынан келтірілген зардаптарды анықтау және ластанудан келген шығын көлемін бағалау мәселелері қарастырылған.