Батыс Қазақстан облысы әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымының аумақтық-салалық дамуы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JGEM.2021.v61.i2.01Кілттік сөздер:
әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылым,, аумақтық-салалық даму,, Батыс Қазақстан облысы,, аумақтық оқшаулау,, негізгі құрал-жабдықтар.Аннотация
Әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылым жүйесі ел мен оның өңірлерінің шаруашылығы мен халқын аумақтық ұйымдастырудың негізі болып табылады. Әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылым негізінде көп деңгейлі әлеуметтік-экономикалық жүйелердің аумақтық қаңқасы қалыптасады. Тиісінше Қазақстан өңірлерінің әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымының аумақтық-салалық дамуы, олардың аумақтық әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындайды және қоғамның аумақтық ұйымдастырылуының өңірлік және өңірішілік ерекшеліктерін көрсетеді.
Жұмыстың мақсаты негізгі факторлардың әсерін талдау, Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымын аумақтық-салалық орналастыруды анықтау және аумақтық-салалық дамытудың негізгі басым бағыттарын айқындау болып табылады.
Мақалада өңірдің әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымының аумақтық-салалық дамуын бағалаудың авторлық тәсілдері ұсынылған. Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымының аумақтық-салалық дамуының қазіргі жай-күйін талдаудың негізгі нәтижелері ұсынылған. Дамудың негізгі факторлары және олардың әлеуметтік-өндірістік мақсаттағы нысандарды аумақтық орналастыруға әсері қаралды. Батыс Қазақстан облысында негізгі қорлардың аумақтық оқшаулау ерекшеліктері анықталды және әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша әкімшілік аудандарының типологиясы жүргізілді. Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымын аумақтық-салалық дамытудың негізгі басым бағыттары айқындалып, ұсынылды.
Жүргізілген зерттеулер Батыс Қазақстан облысы әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымның аумақтық оқшаулануының жоғары көрсеткішімен сипатталатынын көрсетті. 2019 жылы Бөрлі ауданы мен Орал қалалық әкімшілігінің аумағында негізгі құрал-жабдықтардың 96,7%-ы оқшауланды, ал Бәйтерек және Теректі аудандарында облыстың инфрақұрылымдық нысандарының 1,1%-ы және 0,7%-ы орналастырылған. Батыс Қазақстан облысы аумағының 85,7%-ын алып жатқан қалған 9 әкімшілік ауданға негізгі құрал-жабдықтардың тек 1,5%-ы ғана келеді. Сондай-ақ әкімшілік аудандардың әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымының салалық құрылымында елеулі айырмашылықтар байқалады. Типологияда 13 әкімшілік ауданның ішінде әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымды дамытудың ең жоғары деңгейі облыстың 2, жоғары – 2, орташа – 3 және төмен – 6 ауданына тән екендігі анықталды. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымын аумақтық-салалық дамытудың басымдықтары шығыста, оңтүстікте, оңтүстік-батыста, батыста және солтүстікте (Тасқала ауданы) орналасқан 9 әкімшілік ауданның инфрақұрылымдық нысандары желісін дамытуға бағытталуы тиіс.
Зерттеу нәтижелерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік салалық министрліктері мен Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы басқару органдары өңірдің әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымын аумақтық-салалық дамытудың келешектік бағыттарын әзірлеу кезінде пайдалануға болады.