ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТЕМІРЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ АЙМАҚТЫҚ НАРЫҚТАРҒА ҚОЛЖЕТІМДІЛІК: КЕҢІСТІКТІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ БАҒАЛАУ
DOI:
10.26577/JGEM81220269Кілт сөздер:
тeміржол инфрақұрылымы, кеңістіктік қолжетімділік, аймақтық нарық, транзиттік дәліздер, «Нұрлы жол» бағдарламасыАңдатпа
Қазақстан сияқты кең байтақ, теңізге шыға алатын жолы жоқ ел үшін теміржол инфрақұрылымы ұлттық және аймақтық нарықтарға қолжетімділіктің негізгі діңгегі болып табылады. Соңғы жылдары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен халықаралық бастамалар (CAREC, «Орта дәліз») аясында теміржол желісін жаңғыртуға және өткізу қабілетін арттыруға бағытталған ірі жобалар қолға алынды. Дегенмен, теміржол желісінің шамамен 16 мың км болатын ұзындығының едәуір бөлігі тозған (инфрақұрылымның 50-60%-ы моральдық және физикалық жағынан ескірген), ал электрлендірілген жолдар үлесі 40% шамасында қалып отыр.
Мақаланың мақсаты - Қазақстандағы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту үрдістерін кеңістіктік экономикалық-географиялық тұрғыдан бағалау және осы жаңғыртудың аймақтық және сыртқы нарықтарға қолжетімділікке ықпалын талдау. Зерттеу материалдары ретінде Қазақстан темір жолының (ҚТЖ) ашық статистикалық деректері, Дүниежүзілік банктің теміржол жүк айналымы бойынша мәліметтері, CAREC және АДБ-ның теміржол секторы жөніндегі бағалау есептері, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасының құжаттары мен соңғы жылдардағы инфрақұрылымдық жобалар туралы ақпараттық және ғылыми жарияланымдар пайдаланылды.
Әдіснамалық негіз ретінде кеңістіктік қолжетімділік теориясы, экономикалық-географиялық ықтималдық индекстері, теміржол-транзиттік дәліздер бойындағы жүк ағындарының құрылымын талдау, аймақтарды нарықтарға қолжетімділігі бойынша типологиялау, сондай-ақ картографиялық және салыстырмалы-статистикалық әдістер қолданылды. Халықаралық және ішкі нарықтарға (Астана, Алматы, ірі өнеркәсіп орталықтары, Қытай шекара өткелдері, теңіз порттары) дейінгі уақыт пен шығынға негізделген интегралдық қолжетімділік индексі есептеліп, облыстар мен теміржол тораптарының кеңістіктік айырмашылықтары бағаланды.
Зерттеу қорытындысы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша басымдықтарды айқындауға, тар орындарды жоюға, логистикалық хабтармен және сандық технологиялармен (сандық теміржол, болжамды қызмет көрсету, смарт-логистика) кешенді үйлестірудің маңызын нақтылауға бағытталған ұсынымдар ұсынады.
