Авторларға арналған ақпарат
«ҚазҰУ хабаршысы. География сериясы» журналында материалдарды жариялау онлайн мақала ұсыну және сараптамалық бағалау жүйесі – Open Journal System арқылы жүзеге асырылады.
Корреспонденция үшін жауапты автор журналда жариялау үшін ілеспе хатты ұсынуға міндетті.
Мақаланы рәсімдеуге қойылатын талаптар:
· Редакциялық алқа журналдың ғылыми бағыттарына сәйкес бұрын жарияланбаған мақалаларды қабылдайды. Мақала электрондық форматта (.doc, .docx, .rtf форматтарында) ТЕК журнал сайтының функционалы (Open Journal System) арқылы жүктеліп ұсынылуы тиіс.
· Қаріп өлшемі – 12 (аннотация, түйін сөздер, әдебиеттер – 10, кесте мәтіні – 9-11), қаріп түрі – Times New Roman, мәтін бойынша туралау – ені бойынша, жоларалық интервал – бірлік, абзацтық шегініс – 0,8 см, жиектері: жоғарғы және төменгі – 2 см, сол және оң жақтары – 2 см.
· Суреттер, кестелер, графиктер, диаграммалар және т.б. мәтіннің ішінде нөмірленуі және атауы көрсетіле отырып беріледі (мысалы, Сурет 1 – Сурет атауы). Суреттердің, кестелердің, графиктер мен диаграммалардың жалпы саны мақала көлемінің 20%-ынан аспауы тиіс (кейбір жағдайларда 30%-ға дейін).
· Мақала көлемі (атауын, авторлар туралы мәліметтерді, аннотацияны, түйін сөздерді, библиографиялық тізімді есепке алмағанда) әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар үшін кемінде 3 000 сөз және 7 000 сөзден аспауы тиіс, ал жаратылыстану және техникалық бағыттар үшін 1 500-7 000 сөз аралығында болуы керек.
· Авторлар Open Journal System немесе Editorial Manager жүйесіндегі ілеспе хатта ұсынылып отырған мақала/қолжазбаның бұрын еш жерде жарияланбағанын және мақалада басқа еңбектерден алынған, оларға сілтеме жасалмаған мәтін фрагменттерінің жоқ екенін МІНДЕТТІ ТҮРДЕ көрсетуі тиіс.
МАҚАЛАНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ (мақаланы рәсімдеу үшін ҮЛГІНІ пайдаланыңыз):
Бірінші бет:
· Бірінші жол – ҒТАМР (ҒТАМР рубрикаторы онлайн режимінде ашық қолжетімді http://grnti.ru/ немесе авторлар ҒТАМР кодын кітапханадан ала алады), сол жақ шеті бойынша тураланады, қаріп – жартылай қалың.
· Мақаланың атауы (тақырыбы) мақаланың мәні мен мазмұнын көрсетуі және оқырманның назарын аударуы тиіс. Атауы қысқа, ақпараттық сипатта болуы және жаргондар мен аббревиатураларды қамтымауы керек. Тақырыптың оңтайлы ұзындығы – 5-7 сөз (кейбір жағдайларда 10-12 сөз). Мақала атауы орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде берілуі тиіс. Мақала атауы жартылай қалың қаріппен, кіші әріптермен жазылады және ортаға тураланады.
· Мақала авторы(авторлары) – аты-жөні, ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, атқаратын қызметі, жұмыс орны, қала, ел, байланыс телефоны, email көрсетіле отырып беріледі. Авторлар туралы мәліметтер кәдімгі қаріппен, кіші әріптермен жазылады және ортаға тураланады.
· 150-300 сөз көлеміндегі аннотация орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде беріледі.
Аннотация құрылымында келесі МІНДЕТТІ тармақтар қамтылуы тиіс:
· Зерттеу тақырыбы туралы кіріспе сөз.
· Ғылыми зерттеудің мақсаты, негізгі бағыттары мен идеялары.
· Жұмыстың ғылыми және практикалық маңыздылығына қысқаша сипаттама.
· Зерттеу әдіснамасының қысқаша сипаттамасы.
· Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен талдауы, қорытындылары.
· Жүргізілген зерттеудің құндылығы (осы жұмыстың тиісті білім саласына қосқан үлесі).
· Жұмыс қорытындыларының практикалық маңызы.
· Түйін сөздер/сөз тіркестері – орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде 3-5-тен беріледі.
Мақаланың басындағы мәліметтер (атауы, авторлар, аннотация, түйін сөздер) түпнұсқа тілінде беріледі. Одан кейін дәл сол ақпарат (ҒТАМР-сыз) ағылшын тілінде беріледі. Бұдан соң мақаланың негізгі мәтіні жазылған тілге байланысты қазақ немесе орыс тілінде беріледі.
Келесі бет (жаңа):
· Кіріспе келесі негізгі элементтерден тұрады:
· Тақырыпты таңдауды негіздеу; тақырыптың немесе мәселенің өзектілігі. Тақырыпты таңдауды негіздеу барысында алдыңғы зерттеушілердің тәжірибесін сипаттау негізінде проблемалық жағдайдың бар екені (қандай да бір зерттеулердің болмауы, жаңа нысанның пайда болуы және т.б.) көрсетіледі. Тақырыптың өзектілігі осы нысанның зерттелуіне деген жалпы қызығушылықтың болуымен, алайда қолда бар сұрақтарға толық жауаптардың болмауымен анықталады және тақырыптың теориялық немесе практикалық маңыздылығымен дәлелденеді.
· Зерттеу нысанын, пәнін, мақсатын, міндеттерін, әдістерін, тәсілдерін, гипотезасын және жұмыстың маңызын анықтау. Зерттеу мақсаты тезисті дәлелдеумен, яғни автор таңдаған аспект бойынша зерттеу пәнін ұсынумен байланысты.
· Материалдар мен әдістер – материалдар мен жұмыс барысының сипаттамасынан, сондай-ақ пайдаланылған әдістердің толық сипаттамасынан тұруы тиіс.
Зерттеу материалының сипаттамасы немесе оның мазмұны сапалық және сандық тұрғыдан беріледі. Материалдың сипаттамасы – қорытындылар мен зерттеу әдістерінің дұрыстығын анықтайтын факторлардың бірі.
Бұл бөлімде мәселенің қалай зерттелгені сипатталады: бұрын жарияланған және белгіленген процедураларды қайталамай, толық ақпарат беріледі; пайдаланылған жабдықтарды (бағдарламалық қамтамасыз етуді) сәйкестендіру және материалдарды сипаттау жүзеге асырылады, материалдар мен әдістерді қолдану барысында жаңалықтың міндетті түрде енгізілуі қарастырылады.
Ғылыми әдіснама мыналарды қамтуы тиіс:
- зерттеу сұрағы(-тары);
- ұсынылатын гипотеза (тезис);
- зерттеу кезеңдері;
- зерттеу әдістері;
- зерттеу нәтижелері.
· Әдебиеттерге шолу бөлімінде зерттеліп отырған тақырып бойынша шетелдік авторлардың ағылшын тіліндегі іргелі және жаңа еңбектері (кемінде 15 еңбек) қамтылуы, осы еңбектердің ғылыми үлесі тұрғысынан талдануы, сондай-ақ мақалада толықтырылатын зерттеу олқылықтары көрсетілуі тиіс.
ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ: жұмысқа қатысы жоқ көптеген сілтемелердің болуы немесе өз жетістіктеріңіз туралы орынсыз пайымдаулардың, өзіңіздің бұрынғы еңбектеріңізге сілтемелердің берілуі.
· Нәтижелер және талқылау бөлімінде зерттеу барысында алынған нәтижелерге талдау жасалып, олар талқыланады. Зерттеу барысында алынған нәтижелер бойынша қорытындылар беріледі және негізгі мәні ашылады. Бұл – мақаланың ең маңызды бөлімдерінің бірі. Мұнда өз жұмысыңыздың нәтижелеріне талдау жасап, тиісті нәтижелерді алдыңғы еңбектердің, талдаулар мен қорытындылардың нәтижелерімен салыстыра отырып талқылау қажет.
· Қорытынды, тұжырымдар – жұмыстың осы кезеңдегі нәтижелерін жинақтау және қорытындылау; автор ұсынған тұжырымның дұрыстығын растау және алынған нәтижелерді ескере отырып ғылыми білімнің өзгеруіне қатысты автордың қорытындысы. Қорытындылар абстрактілі болмауы тиіс, олар белгілі бір ғылыми саладағы зерттеу нәтижелерін жинақтау үшін, сондай-ақ әрі қарайғы жұмыстың ұсыныстары немесе мүмкіндіктерін сипаттау арқылы пайдаланылуы керек.
Қорытынды құрылымында келесі сұрақтар қамтылуы тиіс: Зерттеудің мақсаты мен әдістері қандай? Қандай нәтижелер алынды? Қандай қорытындылар жасалды? Зерттеу нәтижелерін енгізудің, қолданудың қандай перспективалары мен мүмкіндіктері бар?
Авторлардың үлесі
Қолжазбаның соңында CRediT таксономиясына сәйкес әр автордың қосқан үлесі көрсетілуі қажет. Авторлардың үлесі туралы мәлімдеме екі және одан да көп авторы бар мақалалар үшін міндетті.
· Пайдаланылған әдебиеттер тізімі немесе библиографиялық тізім кемінде 15 әдебиет атауынан тұруы тиіс, оның 50%-ы ағылшын тілінде болуы керек. Егер әдебиеттер тізімінде кириллицада жазылған еңбектер болса, әдебиеттер тізімі екі нұсқада ұсынылуы қажет: біріншісі – түпнұсқада, екіншісі – романизацияланған әліпбиде (транслитерация).
Романизацияланған әдебиеттер тізімі келесі түрде рәсімделуі тиіс: автор(-лар) (транслитерация - http://www.translit.ru) → (жақша ішіндегі жыл) → транслитерацияланған нұсқадағы мақала атауы [мақала атауының ағылшын тіліндегі аудармасы төртбұрышты жақшада], орыс тіліндегі дереккөздің атауы (транслитерация немесе егер бар болса, ағылшын тіліндегі атауы), ағылшын тіліндегі белгілермен рәсімделген библиографиялық мәліметтер.
Мысалы: Gokhberg L., Kuznetsova T. (2011) Strategiya-2020: novye kontury rossiiskoi innovatsionnoi politiki [Strategy 2020: New Outlines of Innovation Policy]. Foresight-Russia, vol. 5, no 4, pp. 8–30.
Әдебиеттер тізімі әліпби ретімен және ТЕК мәтінде сілтеме жасалған еңбектерден тұруы тиіс.
Әдебиеттер тізімін рәсімдеу стилі – American Psychological Association (http://www.apastyle.org/).
Библиографиялық сілтемелерді рәсімдеу үшін мына құралды да пайдалануға болады – Mendeley Reference Manager
Бұл бөлімде келесілерді ескеру қажет:
· Осы ғылым саласында қолданылатын және автор жұмысының негізіне алынған негізгі ғылыми жарияланымдарға, озық зерттеу әдістеріне сілтеме жасалуы тиіс.
· Өзін-өзі дәйексөздеуді шамадан тыс пайдаланудан аулақ болыңыз.
· ТМД/КСРО авторларының жарияланымдарына шамадан тыс сілтеме жасаудан аулақ болып, әлемдік тәжірибені пайдаланыңыз.
· Библиографиялық тізімде мақала тақырыбы бойынша белгілі шетелдік авторлар мен зерттеушілердің жариялаған іргелі және ең өзекті еңбектері қамтылуы тиіс.
Мақала талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, редакциялық алқа оны қабылдамауға құқылы.
Жариялау құны – 60 000 теңге/мақала
Банк деректемелері:
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Индекс 050040
мекенжайы: Алматы қ., әл-Фараби даңғылы, 71
БСН 990140001154
КБЕ 16
«First Heartland Jýsan Bank» АҚ
ЖСК KZ19998CTB0000567141 – теңге
ЖСК KZ40998CTB0000567151 – USD
БСК TSESKZKA







