ИМАНТАУ ЖӘНЕ ШАЛҚАР КӨЛДЕРІНІҢ ГИДРОХИМИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТОКСИКОЛОГИЯЛЫҚ ПАРАМЕТРЛЕРІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ МЕН БАҒАЛАНУЫ
DOI:
10.26577/Кілт сөздер:
су сапасы, ауыр металдар, биогенді заттар, минералдану, контрастты көлдерАңдатпа
Зерттеудің мақсаты – Солтүстік Қазақстанның Айыртау ауданында орналасқан екі контрастты көлдердің, Имантау мен Шалқардың, қазіргі гидрохимиялық және токсикологиялық жағдайын анықтау және биогенді заттар мен ауыр металдармен ластануға байланысты ықтимал қауіптерді айқындау. Далалық жұмыстар, соның ішінде су сынамаларын іріктеу мен морфометриялық өлшемдер, 2024 жылдың қазан айында жүргізілді; сынамалар акваторияның орталық бөлігінен 0,5 м тереңдіктен алынды. рН, температура және еріген оттегі көрсеткіштері портативті HQ40D (HACH-LANGE) аспабымен өлшенді, негізгі иондар титриметриялық әдіспен, биогенді қосылыстар – DR 3900 спектрофотометрімен, ал ауыр металдар (Cu, Zn, Pb, Cd, Co, Ni) – атомдық-абсорбциялық спектрометрия әдісімен (AA-7000, Shimadzu) анықталды; талдаудың дұрыстығы иондар балансы бойынша бақыланды. Имантау көлі әлсіз сілтілі реакциясымен, орташа минералдануымен (1231 мг/л) және фосфаттар бойынша нормативтің асып кетуімен сипатталатыны, ал Шалқар көлі айқын сілтілі реакциямен (pH 9,1), минералданудың едәуір жоғары деңгейімен (17076 мг/л) және судың қаттылығымен ерекшеленетіні анықталды. Екі су айдынында да ауыр металдардың концентрациясы шекті рұқсат етілген шамалардан аспайды; оттегі режимі мен биогенді заттардың мөлшері бойынша екі көл де мезотрофты типке жатқызылды, бұл ретте Имантауда трофикалық ауысудың бастапқы белгілері байқалды. Бір ауданда орналасқан, гидрохимиялық тұрғыдан ерекшеленетін екі көлді тікелей салыстыру су сапасындағы айырмашылықтарды рекреациялық жүктемемен емес, олардың бассейндерінің су балансы ерекшеліктерімен байланыстыруға мүмкіндік берді. Алынған нәтижелер өңір көлдері бойынша деректердің жетіспеушілігін толықтырып, болашақ мониторинг үшін негіз қалайды.
