Карьер беткейлерін бекітуге және кен тасымалдау жолдарының шаңдатуын төмендететін ерітінділер құрамын жасау
Аңдатпа
Мақалада карьер беткейлерін бекітуге бағытталған, кен өндіру кезіндегі карьердегі
тасымалдау жолдарының шаңдатуы әсерін төмендететін ерітінділер әзірлеу мәселелері
қарастырылған. Құлау және шөгудің алдын алу үшін үлкен массивтердегі жыныстардың жасанды
беріктігін ұлғайту мүмкін болмаса, онда жеке беткей деформацияларын және жасанды бекемдеу
әдісімен карьер беткейінде опырылудың алдын алу қазіргі таңда отандық және шетелдік
карьерлерде қолданылуда. Көптеген карьерлерде жұмыс істемейтін ернеулерді қосатын тау-кен
жыныстары құрылысы және физика-механикалық қасиеттері бойынша біртексіз болып келеді.
Карьер өрісіндегі тау-кен жыныстарының орналасуы біртекті болғанның өзінде әдетте көптеген
тектоникалық бұзылыстар аймақтары болады. Олардың өлшемдері мен кеңістікте таралуына
байланысты беткейлер мен ернеулердің тұрақтылығына әсерін тигізеді. Бекемдеу көмегімен
тау-кен жыныстарының үгілу және опырылуын баяулатуға, құламалар бетінен карьер беткейінің
опырылуы мен тау-кен жыныстарының түсуін алдын алуға болады. Әлсіреген жерлердегі тау-кен
жыныстарының массивін бекемдеу массив жарықшақтарына арнайы ерітінді бекітулер енгізумен
жүзеге асады, олар қатайғаннан кейін тау-кен жыныстарымен бірігіп шөгуге қарсы тұру қабілетін
арттырады. Бекемдейтін затты массивке енгізу қысым жасау арқылы жүзеге асады, бекемдейтін
материал ретінде цементтік ерітінділер, силикаттар және полимерлік материалдар қарастырылған.
Кен жыныстарындағы қазба жұмыстарын жүргізу кезінде, тұрақсыз және бұзылған массивтерді
бекемдеуде, көбінесе тау-кен жыныстарын цементтеу әдісі кеңінен қолданылады. Қолдану
аясы – қатты жарықшақты үгітілмелі және жартылай жарлыдан бастап ірі тасты құмдар мен
жұмыртастарға дейінгі тау-кен жыныстарының массиві.
