Құрамдас бөліктерін құрылымдауды қажет ететін «экология» түсінігінің жалпыазаматтық мәртебесі
Аңдатпа
1866 жылы Э. Геккель ұсынған «экология» ғылымының кеңістіктік ұғымды білдіретін атауының («oikos») биологиялық нысандарды зерттейтін мазмұнымен мүлдем сәйкеспейтіндігі
аталып көрсетілген. Осы екіұштылық экология ғылымына тиесілі басты-басты ұғымдардың – оның тұжырымдамалық негізінің, мақсат-мүдделері мен мазмұнының, зерттеу пәні мен
нысанының, зерттеудің әдіс-тәсілдерінің т.с.с. – әлі де болса нақтыланбау себептерінің бірі болып отыр. Экология түсінігінің әртүрлі ғалымдар тарапынан ұсынылған анықтамаларында,
өкінішке орай, тағы бір маңызды мәселе сырт қалуда, ол – Саналы адам («Homo sapiens») атаулы биотаның қоршаған ортаға тигізер жасампаздық немесе қиратымпаз әсері. Қазіргі таңда нақ
осы адамдар әрекеті экология ғылымының ең басты ерекшеліктерін анықтауда, бұл жайт сол экологияны бүгінгі заман адамдары мен бүкіл адамзаттың табиғатқа деген көзқарасын сана мен
зерде тұрғысынан рәсімдеуге мәжбүрлейтін ең бір бірегей де маңызды ұғымдардың бірі ретінде қарастыруға негіз болуда. Осы тұрғыдан алғанда экология жекелеген ғылым шеңберінен шығып
үлгерді, оның бүгінгі мәртебесі ілімнің жаратылыстану және гуманитарлық салаларын өзара байланыстыра қарастыруды қажет ететін тұтас адамзаттық идеяға айналып отыр. Олай болса,
бүгінгі «экология» түсінігі жаңаша құрылым жасақтауды қажет етеді, себебі жалпы экологияны жіктемелік тұрғыдан жекелеген ғылым салаларына бөлшектеудің алуан түрлі варианттары сол
бөлшектердің мақсат-мүдделері мен мазмұндарын одан әрі нақтылай түсуге кеселін келтіріп отыр. Түсініктердің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында және экологияның жалпылама
жіктемесін жетілдіру үшін табиғатқа қатысты экология мен адамдарға қатысты экологияны бөле-жара қарастыра отырып, экологиялық ғылым салаларының алғашқы тобын «натурогендік
немесе табиғат экологиясы» тобына, ал екіншісін «хомогендік немесе антропогендік экология» тобына біріктіру ұсынылған.
