Бұқтырма өзені алабында жолдар мен көпірлердің маңдарында қауіпті арналық және эрозиялық үрдістердің байқалуы
Аңдатпа
Бұқтырма алабы өзендері көптеген жолдарды кесіп өтеді, олардың жағалауларында тұрғын үйлер, шаруашылық құрылыстар және тағы да басқа ғимараттар орналасқан. Өзен аңғарларында ұзақ қашықтықтарға темір және автомобиль жолдары, байланыс және электр беру сызықтары, гидротехникалық және гидромелиоротивтік ғимараттар салынған. Бұл өзендердің аңғарларында тұрақты және уақытша ағын сулардың әрекеттерімен байланысты эрозиялық үрдістер жолдар мен көпірлер маңында байқалады. Бұқтырма өзені аңғарындағы эрозиялық үрдістерді зерттеу, олардың динамикасын талдау және территориядағы шайылулардың қазіргі жағдайын бағалау ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан өзекті. Қауіпті арналық және эрозиялық үрдістердің динамикасы мен қазіргі жағдайын зерттеу өзендер арналарының деформациялануын болжауға мүмкіндік береді. Бұл күрделі гидрологиялық жағдайларда эрозияға қарсы шаралар мен елді мекендердің бас жоспарларын жобалауда өте маңызды. Мақалада Бұқтырма өзені алабында қауіпті арналық және эрозиялық үрдістердің жолдар мен көпірлер учаскелері маңында көрініс табуын зерттеудің нәтижелері келтірілген. Ғарыштық суреттерден шайылуға ұшыраған өзен жағалары мен олардың морфометриялық сипаттамаларын анықтаудың мысалдары көрсетілген. Нәтижесінде 46 өзен учаскесінде
эрозиялық үрдістердің белсенді дамуының белгілері анықталды. Бұзылуға жақын жолдар мен көпірлер учаскелерінің орындары мен қауіптілік деңгейлері анықталды және Бұқтырма өзені
алабының гипсометриялық картасына түсірілді.
