Сарысу алабы өзендерінің көктемгі ағындысының сипаттамаларын бағалау
Аңдатпа
Берілген жұмыста Сарысу алабы өзендерінің көпжылдық кезеңдегі көктемгі су тасу ағынының статистикалық параметрлері қарастырылған. Көктемгі ағындының негізгі сипаттамаларына ағынды қабатының нормасы және максимал су өтімдері жатады. Алапта әртүрлі су шаруашылығы шараларын тағайындауда осы параметрлердің сенімділігін білу қажет. Қарастырылып отырған алап бойынша көктемгі ағындының сипаттамалары өткен ғасырдың 60-ыншы және 70-інші жылдары алынған. Бұл мәліметтер соңғы жылдардың деректері мен климаттық және антропогендік факторларды ескеріп қайта анықтауды қажет етеді. Келесі жұмыстар жасалынды: бақылау қатарлары көпжылдық кезеңге келтірілді, көктемгі ағынды қабатының статистикалық параметрлері анықталды. Өзендер режимі жайында қолда бар деректерге байланысты ағынды қабатының нормасы келесі жолмен есептелді: су өтімдерінің фактілік мәліметтері бойынша, көпжылдық кезеңге келтірілген қатар бойынша (1932-2012 жж.), соңғы антропогендік жүктеме орын алған кезеңге (1966-2012 жж.) және шартты табиғи кезең (1932-1966) үшін. Қарастырып отырған алаптағы өзендердің көктемгі ағындысы қабатының қамтамасыздық қисықтары тұрғызылды. Ағынды қабатының есептік және соңғы таңдалып алынған кезеңдері үшін әртүрлі қамтамасыздықтағы шамалары бағаланды.
