ҮЛКЕН АЛМАТЫ ӨЗЕНІ АЛАБЫНДАҒЫ МҰЗДЫҚТЫҚ-МОРЕНАЛЫҚ КӨЛДЕРДІҢ НЕГІЗГІ МОРФОМЕТРИЯЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫН АНЫҚТАУДАҒЫ ГАЖ ЖӘНЕ ҚАШЫҚТЫҚТАН ЗОНДТАУ МҮМКІНДІКТЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JGEM82320265Кілт сөздер:
мұздықтық-мореналық көлдер, ГАЖ-талдау, морфометриялық сипаттамалар, қашықтықтан зондтау, сел қаупі, сел қауіптілігіАңдатпа
Климаттың жылынуы жағдайында мұздықтық-мореналық көлдердің ақтарылу қаупінің артуы олардың морфометриялық сипаттамаларын жүйелі бақылауды қажет етеді. Зерттеу Іле Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан Үлкен Алматы өзені алабындағы мұздықтық-мореналық көлдердің морфометриялық сипаттамаларының өзгерістерін қашықтықтан зондтау мәліметтері мен ГАЖ-технологияларын пайдалану негізінде бағалауға бағытталған. Зерттеудің әдістемелік негізін Copernicus Open Access Hub мәлімет көзінен алынған 2015-2025 жж. Sentinel-2 жерсеріктік суреттерін өңдеу құрады. Су объектілерін айқындау үшін нормаланған айырымдық су индексі (NDWI), ал морфометриялық параметрлерді есептеу және кеңістіктік талдау үшін ArcGIS Pro бағдарламасының мүмкіндіктері пайдаланылды. Әрбір көл үшін су объектілерінің өлшемін, пішінін және динамикасын сипаттайтын 12 морфометриялық көрсеткіш анықталды. Алынған нәтижелер зерттеу кезеңінде мұздықтық-мореналық көлдер өзгерістерінің түрлі бағытта жүргенін көрсетті. 2015-2025 жж. аралығында жекелеген мұздықтық-мореналық көлдердің ауданы шамамен 0.90-9.60 мың м²-ге ұлғайса, бірқатар көлдерде оның 3.00-31.3 мың м²-ге дейін азайғаны анықталды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы Үлкен Алматы өзені алабындағы мұздықтық-мореналық көлдердің кеңістіктік-уақыттық өзгергіштігін сандық бағалау үшін жерсеріктік суреттер мен ГАЖ-талдауды кешенді пайдаланумен сипатталады. Алынған нәтижелер мұздықтық-мореналық көлдердің мониторингтік мәліметтерін өзектендіру және ықтимал сел қаупін бағалауды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланылуы мүмкін.







