CMIP6 КӨПМОДЕЛЬДІ АНСАМБЛІ НЕГІЗІНДЕ КЛИМАТТЫҢ БОЛЖАМДЫ ӨЗГЕРІСТЕРІ МЕН ГИДРОКЛИМАТТЫҚ ЭКСТРЕМАЛДЫ ҚҰБЫЛЫСТАРДЫ БАҒАЛАУ: АРАЛ–СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІ АЛАБЫ МЫСАЛЫНДА
DOI:
https://doi.org/10.26577/JGEM82320266Кілт сөздер:
климаттық индекстер, CMIP6, құрғақшылық, экстремалды жауын-шашын құбылыстары, IPCC AR6 интерактивті атласыАңдатпа
Арал–Сырдария алабы – су қауіпсіздігіне әсер ететін климаттық және антропогендік қысымға ұшыраған күрделі таулы-жазықтық өзен жүйесі. Бұл зерттеуде өңірдегі байқалған климаттық өзгерістер талданып, болашақ климаттық жағдайларға ықтималдық тұрғысынан баға берілді. Талдау 1981–2010 жылдардағы базалық кезеңмен салыстырылып, CMIP6 көпмодельді ансамблінің SSP3-7.0 және SSP5-8.5 сценарийлері бойынша алынған климаттық болжамдар негізінде жүргізілді. Орташа ауа температурасының, жауын-шашынның тәуліктік ең жоғары мөлшерінің (RX1day), құрғақ кезеңдердің ең ұзақ ұзақтығының (CDD) және өте ыстық күндер санының (TX35) өзгерістері қарастырылды. Зерттеу нәтижелері XXI ғасырдың соңына қарай ауа температурасының айтарлықтай артып, +6,0–6,8 °C-қа дейін жететінін көрсетті. Өте ыстық күндердің саны жылына 61 күннен асуы мүмкін. Жылдық жауын-шашын мөлшерінің 17–20%-ға артуы болжанғанымен, оның кеңістіктік-уақыттық біркелкілігі төмендеп, нөсерлі жауын-шашын оқиғаларының күшеюі және құрғақ кезеңдердің ұзаруы күтіледі. Сонымен қатар жауын-шашынның ең жоғары мөлшері жаз мезгілінен қыс-көктем кезеңіне ауысатыны анықталды, бұл «ылғалды жыл – құрғақ жаз» құбылысының қалыптасуына әкеледі. Аталған өзгерістер, әсіресе, алаптың қуаң жазық өңірлерінде су тапшылығы қаупін күшейтіп, шөлейттену үдерістерін жеделдетуі мүмкін. Алынған нәтижелер климаттың өзгеруіне бейімделуді қамтамасыз ету мақсатында Сырдария алабындағы трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару тетіктерін жетілдірудің өзектілігін көрсетеді.







