ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ГЕОДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ ЕҢБЕК ӘЛЕУЕТІН ЖОСПАРЛАУ МЕН ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗІ РЕТІНДЕ
DOI:
10.26577/JGEM81220263Кілт сөздер:
геодемографиялық тұрақтылық, еңбек әлеуеті, интегралды индекс, IGU, LPI, IGDTIАңдатпа
Мақалада Жетісу облысының аудандары мен қалалары деңгейінде геодемографиялық тұрақтылық пен еңбек әлеуетінің өзара байланысы қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – демографиялық үрдістер мен еңбек нарығы көрсеткіштерін интеграциялау арқылы өңірлік еңбек әлеуетінің кеңістіктік дифференциациясын бағалау және аумақтық саясат үшін басым бағыттарды айқындау. Теориялық негіз ретінде геодемографиялық тұрақтылық, еңбек ресурстарының кеңістіктік ұйымдасуы, өңірлік еңбек нарығы және композиттік индекстер жөніндегі отандық және шетелдік зерттеулер талданды.
Зерттеуде ресми статистикалық деректер негізінде интегралды бағалау әдісі қолданылды. Геодемографиялық тұрақтылық индексі (IGU) табиғи өсім, көші-қон және өлім-жітім көрсеткіштерінің нормаланған мәндері арқылы есептелді. Еңбек әлеуеті индексі (LPI) экономикалық белсенділік, жұмыспен қамтылғандардың үлесі, жалдамалы жұмыспен қамтылғандардың үлесі және жұмыссыздық деңгейінің кері нормаланған мәні негізінде анықталды. Осы екі блокты біріктіру арқылы интегралды геодемографиялық-еңбек индексі (IGDTI) ұсынылды.
Нәтижелер Жетісу облысында «ядро–периферия» типіндегі кеңістіктік құрылымның қалыптасқанын көрсетті: Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданы жоғары тұрақтылықпен, ал Текелі қаласы мен Қаратал ауданы тәуекелді аумақтар ретінде сипатталды.
