ҚАЛАЛЫҚ КЕҢІСТІКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ: ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ ЖӘНЕ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
DOI:
10.26577/JGEM81220262Кілт сөздер:
қала, қалалық кеңістік, аумақтық ұйымдастыру, жайлы қала ортасы, «ақылды қала» тұжырымдамасыАңдатпа
Қалалық кеңістікті ұйымдастыру урбанизация үдерістерінің күшеюі жағдайында тұрақты қалалық дамуды қамтамасыз етудің маңызды ғылыми және практикалық бағытына айналып отыр. Дегенмен қалалық кеңістікті ұйымдастыру мәселелері көбіне жоспарлау немесе экономикалық тұрғыдан қарастырылып, оның географиялық-әдіснамалық негіздері жеткілікті деңгейде жүйеленбеген. Осыған байланысты зерттеудің мақсаты – қалалық кеңістікті ұйымдастырудың әдістемелік негіздері мен географиялық аспектілерін талдау арқылы тұрақты қалалық дамудың негізгі бағыттарын анықтау.
Зерттеу кейс-зерттеу (case study) тәсіліне негізделіп, Қазақстандағы «Smart City» қағидаттарына бағытталған жаңа урбанистикалық жоба – Алатау қаласының мысалында жүргізілді. Зерттеу барысында жүйелі талдау, салыстырмалы-географиялық әдіс, құрылымдық-логикалық талдау, картографиялық талдау және үлгілеу әдістері қолданылды. Шетелдік және кеңестік ғылыми мектептердің урбанистикалық тұжырымдамалары тұрақты дамудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық компоненттері бойынша салыстырмалы түрде талданды.
Зерттеу нәтижесінде қалалық кеңістіктің ұйымдастырылуы көпдеңгейлі әлеуметтік-кеңістіктік жүйе ретінде қалыптасатыны және оның тиімді дамуы аумақтық құрылымның теңгерімділігіне, инфрақұрылымның үйлесімді орналасуына және кеңістіктік әділеттілік қағидаттарына тәуелді екені анықталды. Алатау қаласының кеңістіктік даму моделі «Smart City» тұжырымдамасының тұрақты даму компоненттерімен интеграциялануының қолданбалы үлгісі ретінде қарастырылды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – қалалық кеңістікті ұйымдастырудың географиялық тәсілдерін урбанистикалық теориялар мен цифрлық қалалық даму тұжырымдамаларын біріктіру арқылы жүйелеуде. Алынған нәтижелер қалалық жоспарлау, кеңістіктік саясат және заманауи урбанистикалық басқару модельдерін жетілдіруге әдіснамалық негіз бола алады.
