Журнал саясаты

Қолжазбаны жариялау шарттары

 «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналы жылына 4 рет желілік (электрондық) форматта шығады, журнал сандарының шығу мерзімдері мынадай: бірінші сан ағымдағы жылдың 20 наурызына дейін, екінші сан — 20 маусымға дейін, үшінші сан — 20 қыркүйекке дейін, төртінші сан — 20 желтоқсанға дейін шығарылады.

«ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналында жариялау үшін автор (авторлар) бұрын жарияламаған, журналдың тақырыптық бағыттарына сәйкес келетін және қолжазбаны ресімдеу талаптары бойынша қатаң түрде ресімделген қазақ, орыс немесе ағылшын тіліндегі мақалалар қабылданады.

Ғылыми мақаланың қолжазбасын редакциялық алқаға хат алмасуға жауапты автор (2 және одан көп авторлас болған жағдайда қолжазбаның авторлық ұжымынан айқындалған) журналдың кезекті саны шыққанға дейін кемінде екі ай бұрын ұсынады. Журналда жариялауға көлемі (атауын, авторлар туралы мәліметтерді, аңдатпаны, түйін сөздерді және библиографиялық тізімді есептемегенде) 1 500 сөзден кем емес және 7 000 сөзден аспайтын қолжазбалар қабылданады.

Қолжазбаны хат алмасуға жауапты автор электрондық платформа арқылы мақаланың және оның авторларының барлық метадеректерін көрсете отырып жүктеуге тиіс. Бір автордың мақаласы (жеке дайындалған немесе авторлықпен) журналда күнтізбелік жыл ішінде бір реттен артық жарияланбайды.

Авторлар редакцияға бұрын басқа басылымдарда (баспа, электрондық және өзге де ашық дереккөздерде) жарияланбаған түпнұсқа жұмысты ұсынуға тиіс. Авторлар зерттеу нәтижелерінің анықтығына, жаңалығына және дәлелділігіне жауапты. Қолжазбаны «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналының редакциялық алқасы мен рецензенттері қарау сатысында, сондай-ақ ол жарияланғаннан кейін авторлар осы қолжазбаны басқа басылымда жариялауға қарауға ұсынбауға міндеттенеді.

Қолжазбамен жұмыс сатыларында редакция, хат алмасуға жауапты автор және рецензенттер арасындағы байланыс OJS электрондық (онлайн) платформасы арқылы, ерекше жағдайларда электрондық пошта арқылы жүзеге асырылады.

Журналдың редакциялық алқасы автордан/авторлардан түскен қолжазбаларды қарайды, оларды рецензиялауды ұйымдастырады және қолжазба электрондық платформа арқылы түскен күннен бастап екі ай ішінде жариялау немесе жариялаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Журналда жариялауға мақұлданған қолжазбаның автор(лар)ы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми журналдарында жариялау құнының бекітілген прейскурантына сәйкес жарияланым үшін ақы төлеуге міндетті. Жарияланым үшін төлем түбіртегі pdf форматында автор(лар) тарапынан журнал редакциясының электрондық пошта мекенжайына жіберіледі.

Көшірме алу және плагиат

 «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналының редакциялық алқасы қолжазбаның ресми талаптарға (қолжазбаны ресімдеуге) сәйкестігін қарау кезінде университеттің жазылымымен немесе ұлттық жазылым негізінде қолжетімді плагиатқа тексеру жүйесі арқылы қолжазбада көшірілген мәтіннің бар-жоғын да тексереді.

Тек түпнұсқа қолжазбалар және/немесе антиплагиат жүйесі арқылы тексеру нәтижелері бойынша түпнұсқалығы 80%-дан жоғары қолжазбалар ғана одан әрі рецензиялауға жіберіледі. Егер қолжазба журналда қойылатын ресімдеу талаптарына сәйкес келмесе және плагиатқа тексеру нәтижелері бойынша түпнұсқа жұмыс болмаса, қолжазба тиісті өзгерістер енгізу және журналдың электрондық платформасы арқылы редакциялық алқаның қарауына қайта жіберу үшін хат алмасуға жауапты авторға қайтарылады.

Егер авторлар қолжазбаны жазу кезінде басқа зерттеушілердің жұмыстарын, мақалаларын, тұжырымдарын не дәйексөздері мен пікірлерін пайдаланса, олар міндетті түрде сол ғалымдардың жұмыстарына сілтеме жасап, дәйексөз алынған мәтінді дұрыс ресімдеуге тиіс. Плагиат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымының этика кодексінің қағидаттарын бұзатын этикаға жат әрекет болып саналады және «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналында қабылданбайды.

Баспа үдерісіне қатысатын тұлғалар, әсіресе «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналының редакциялық алқасының мүшелері, ғылыми жарияланымдардың жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін, жарияланым қызметінде анық емес мәліметтерді пайдалану, деректерді бұрмалау және т.б. сияқты адал емес тәжірибеге жол бермеу үшін, ғылыми жетістіктердің қоғам тарапынан танылуын қамтамасыз ету үшін халықаралық қоғамдастықта және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қабылданған ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын сақтауға, сондай-ақ мұндай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында шаралар қабылдауға міндеттенеді.

«ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналының редакциялық алқасының мүшелері авторлардың, редакциялық алқа мүшелерінің, рецензенттердің халықаралық қоғамдастықта және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қабылданған ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын бұзуына жол бермеуге міндеттенеді.

Халықаралық қоғамдастықта және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қабылданған ғылыми этиканың қағидаттары, стандарттары мен нормалары бұзылғаны анықталған жағдайда журналдың редакциялық алқасы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми журналдарына арналған жарияланым этикасына», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымының этика кодексіне және Жарияланым этикасы жөніндегі комитеттің (COPE) стандарттарына сәйкес әрекет етуге міндеттенеді.

Егер «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналында жарияланған мақалада ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын бұзудың дәлелденген фактісі (фактілері) анықталса, редакциялық алқа автордың (авторлардың) ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын нақты қалай бұзғанын міндетті түрде көрсете отырып, осы мақаланы жарияланған санынан және журналдың ресми сайтынан алып тастауға (мақаланы кері қайтарып алуға) және журналдың кезекті санында тиісті хабарландыру орналастыруға міндеттенеді.

Ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын бұзудың дәлелденген фактісі анықталған мақаланың автор(лар)ы бұзушылық фактісі (фактілері) анықталған күннен бастап кейінгі 3 күнтізбелік жыл ішінде «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналына және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығаратын басқа да ғылыми журналдарға мақала беруге жіберілмейді.

Жасанды интеллект құралдарын пайдалану

Жасанды интеллектіні пайдалануға көмекші құрал ретінде (тілдік түзету, аударма, пішімдеу, библиография дайындау, деректерді техникалық өңдеу) авторлардың міндетті тексеруімен жол беріледі. Жасанды интеллектіні пайдалану фактісі ілеспе хатта ашып көрсетіледі.
Генеративті жасанды интеллектіні деректерді жасанды түрде жасау/бұрмалау, жалған дереккөздер мен сілтемелер жасау және шатастыруға әкелетін иллюстрациялар мен деректерге айла-шарғы жасау үшін пайдалануға жол берілмейді.

Рецензиялау үдерісі

 Журнал редакциясына түскен және ресми талаптарға, ресімдеу талаптарына, плагиатқа тексеру жүйесі арқылы тексеру негізіндегі түпнұсқалық көрсеткішіне сәйкес келетін қолжазбалар міндетті түрде одан әрі рецензиялауға жіберіледі.

Егер қолжазба автор(лар)ының басқа ғалым(дар)мен мүдделер қақтығысы болса, олар осы қолжазбаның аталған ғалымға (рецензентке) жіберілуін және қолжазбаның объективті емес бағалануын болғызбау үшін ілеспе хатта мұндай мүдделер қақтығысының бар екенін көрсетуге міндетті.

«ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналында «екі жақты соқыр» рецензиялау қолданылады, оны рецензияланатын қолжазбаның тақырыбы бойынша ғылыми мамандығы бар, ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесі бар кемінде екі ғалым жүзеге асырады.

Рецензиялау құпия түрде жүргізіледі: мақаланың қолжазбасы рецензенттерге журналдың электрондық платформасы арқылы авторлар туралы деректер көрсетілмей жіберіледі. Рецензенттерден қолжазбаның негізгі ғылыми өлшемдерге сәйкестігін, сондай-ақ оның сапасы мен маңыздылығын нақты, объективті және дәлелді бағалау талап етіледі.

Рецензенттерден қорытындылар алынғаннан кейін жауапты редактор оларды рецензенттердің деректерін көрсетпей, ескертулерге жауап беру, тиісті өзгерістер енгізу және қолжазбаны электрондық платформа арқылы қайта жіберу үшін хат алмасуға жауапты авторға жібереді. Автор(лар) түсіндірмесіз-ақ ескертулерге жауап беруден, қолжазбаға өзгерістер енгізуден және оны «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналының редакциясына қайта жіберуден бас тарта алады.

Барлық ескертулерге жауап берілгеннен, рецензенттердің ескертулерін жою үшін қолжазбаға өзгерістер енгізілгеннен және ол журнал редакциясына қайта жіберілгеннен кейін ғылыми редактор барлық материалдарды қайта рецензиялау үшін рецензент(тер)ге жібереді.

Екі рецензенттен және жауапты редактордан оң қорытынды алған қолжазба «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналында жариялауға қабылдану кезектілігіне сәйкес ұсынылады. Редакциялық алқа мақұлдаған қолжазбалар журналдың санын қалыптастыру үшін жауапты хатшыға беріледі.

Егер рецензенттердің бірі қолжазба бойынша оң қорытынды берсе, екіншісі теріс қорытынды берсе, қолжазбаны ғылыми редактор үшінші рецензентке немесе қолжазба тақырыбы бойынша маман болып табылатын редакциялық алқа мүшесіне жібереді. Үшінші рецензент немесе редакциялық алқа мүшесі оң қорытынды берген жағдайда қолжазбаны жариялауға қабылдау/қабылдамау туралы түпкілікті шешімді «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналының ғылыми редакторы қабылдайды.

Екі теріс рецензия болған жағдайда қолжазба журналда жарияланудан бас тартылады.

Рецензиялау нәтижелері бойынша редакциялық алқа қабылдамаған мақала материалдарын редакциялық алқа өз мақсаттарында пайдаланбайды. Редактор немесе жауапты хатшы хат алмасуға жауапты авторға жариялаудан бас тарту туралы хабарлайды және рецензенттердің қорытындыларын жібереді.

Қолжазбаларға берілген рецензиялар журналдың электрондық платформасында электрондық форматта үш жыл бойы сақталады.

Рецензиялау мерзімін мақалаға жауапты редактор белгілейді, рецензенттердің қолжазбаны қарау мерзімі материал рецензенттерге жіберілген күннен бастап екі айдан аспайды.

Ашық қолжетімділік саясаты және мұрағаттау

 «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналы өз мазмұнына журналдың ресми сайтында ашық қолжетімділік береді. Бұл әлемдік ғылыми қоғамдастық ауқымында журналға ақпараттық қолжетімділікті кеңейтеді.

Сондай-ақ журналдың веб-сайтында авторлар мен оқырмандарға журнал қызметі туралы қажетті ақпарат берілген: жариялау шарттары, қолжазбаларды ресімдеу және журналға ұсыну қағидалары, журналды қалыптастыру және қолжазбаларды рецензиялау тәртібі, жарияланым этикасы, редакциялық алқа туралы мәліметтер, ғылыми редактор мен жауапты хатшының байланыс деректері.

Оқырмандар мен авторлар журналдың ағымдағы санының электрондық нұсқаларымен және өткен кезеңдердің мұрағаттарымен таныса алады. Журналдың электрондық түрдегі барлық жарияланымдары Creative Commons Attribution License лицензиясының шарттарымен тегін және шектеусіз таратылады.

Авторлық құқық және лицензиялау

 «ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналы мақалаларының авторлары ғылыми жұмысқа автордың құқығын өзінде сақтайды және жұмыспен бірге алғаш жариялау құқығын журналға береді, оны бір мезгілде Creative Commons Attribution лицензиясы бойынша лицензиялайды.

Қолжазбаның авторлығы қолжазбаны жасауға тікелей қатысқан, ой-тұжырымды қалыптастырған, мақаланы жазған, нәтижелерді түсіндірген және ғылыми нәтижелер алуға елеулі үлес қосқан зерттеушілерге тиесілі.

Creative Commons Attribution License лицензиясының шарттары бойынша авторлар өз қолжазбаларына құқықтарын сақтайды, бұл ретте осы жұмыстың авторлығын міндетті түрде көрсете отырып және осы журналдағы бірегей жарияланымға сілтеме бере отырып, барлығына оларды еркін жүктеп алуға, қайта пайдалануға, қайта басып шығаруға, өзгертуге, таратуға немесе көшіруге рұқсат етеді. Журналға сілтеме көрсетілген жағдайда осы әрекеттердің барлығына авторлардан немесе баспагерден рұқсат талап етілмейді.

Авторлар өз мақаласын басқа дереккөздерде (мысалы, институционалдық мұрағатта, әлеуметтік желілерде және т.б.) осы журналдағы түпнұсқа жарияланымға міндетті түрде сілтеме бере отырып тарату құқығын сақтайды.

Құпиялылық шарттары

 Авторлар туралы ақпараттық деректер — олардың аты-жөні, аффилиациясы, байланыс мәліметтері, атқаратын лауазымы мен академиялық дәрежесі туралы мәліметтер, сондай-ақ халықаралық дереккөздер базаларындағы авторлар профильдерінің идентификаторларына сілтемелер мақалада «Авторлар туралы мәліметтер» бөлімінде орналастырылады.

«ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы» журналының редакциялық алқасының мүшелері қарауға қабылданған қолжазба туралы ақпаратты ол жарияланғанға дейін тағайындалған рецензенттерден басқа үшінші тұлғаларға ашпайды. Сондай-ақ редакция рецензенттер туралы мәліметтерді авторларға және басқа тұлғаларға ашпайды.